«Miss World байқауына» “Қазақстан Аруы" аттанбақ: әлемдік аренада елімізді Сабина Идрисова таныстыратын болады

«Miss World байқауына» “Қазақстан Аруы" аттанбақ:  әлемдік аренада елімізді Сабина Идрисова таныстыратын болады

Сабина Идрисова аталған байқауға қатысу үшін ұзақ уақыт бойы түрлі дайындық кезеңдерінен өтті. Мәселен: Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көздің жауын алар әсем табиғатын дүние жүзіне көрсетуге арналған бірнеше түсірілімге түсті; шығармашылық нөмір тағайындады; түрлі бағыттағы курстарға қатысты - ағылшын тілін үйренуден бастап, опа-далап жағу, яғни визаж бен дефиле, сонымен қатар сахналық шеберлік курстарына, сонымен қатар өзге де іс-шараларға қатысты.

 

Негізгі мамандығы бойынша кәсіби балет бишісі болған, ал қазіргі таңда «Miss Qazaqstan-2023» байқауының тәжін иемденген Сабина жеңіске жететіндігіне кәміл сенімді.

 

Сұлу аруымыз үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Белсенді түрде спортпен айналысып, модельдік мансабын кәсіби деңгейге жеткізуді өз алдына мақсат етіп қойып отыр. Дефилесі мен сымбатын келісті ұстауға қатты көңіл бөлуде.

 

«Miss World-2025» байқауына арнайы тігілген ерекше киімі туралы Сабина төмендегідей пікір білдірді: «Бұл костюм — жай ғана киім емес, ол өзінің түр-түсі, кестеленіп салынған ою-өрнегі және пішіні арқылы тарихымыздан сыр шертіп тұрған киім. Ол еліміздің өткені мен қазіргі жағдайын ұштастыра отырып, қазақ халқы мәдениетінің бар сұлулығын паш етіп тұр».

 

Сайысқа қатысушы сұлуымыздың киімі дәстүрлі қазақ халқының қалыңдық көйлегіне ұқсастырып тігіліп, ұлттық мәдениетіміздің рухын заманауи стильде бейнелейді. Үлбіреген белдемше мен тобыққа дейін төгілген жібек тор әйел адамның бойындағы бар сұлулық пен келісті мүсінді адам көзі тоятындай келістіріп көрсетеді. Сөз болып отырған киімнің өн бойы мен шілтеріне қолмен тігілген қызғалдақ гүлі нәзіктік пен оянудың белгісін білдіретін басты белгі болып табылады.

 

Әлемдегі бұрыннан келе жатқан ең беделді сұлулық сайысына биыл дүние жүзінің 120-ға жуық хас сұлу қатысып, бақ сынасады деп күтілуде.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі 11 мамырда өтеді, ал гранд-финал 31 мамыр күні болмақ.

 

«Өз елімді күллі әлемге таныстыратын болғандықтан үлкен жауапкершілікті сезінемін, сонымен қатар мақтаныш сезімі де кеудемді керіп барады. Мен үшін сайысқа тек қана қатысушы ретінде бару жеткіліксіз, мен үшін Қазақстанның мәдениеті мен рухының, сұлулығы мен көркемдігінің елшісі ретінде қатысу аса маңызды», — деп Сабина өз ішкі ойымен бөлісті.

 

«Miss Qazaqstan» — бұл сайысқа қатысатын әрбір сұлудың даралығын, күші мен бірегейлігін көрсететін платформа мен ұлттық сұлулық байқауы. Жыл сайын өткізіліп тұратын бұл байқау әлемдік лицензияларға ие және нағыз әйел сұлулығының көпқырлы екенін көрсетуге ұмтылады.

 

«2025 жылғы маусым «Freedom of Choice» («Таңдау еркіндігі») ұранымен өтеді. Қазіргі таңда ашық кастинг қызу жүргізіліп жатыр — іріктелген қатысушылар өз көзқарастарын ашық білдіріп, бірегей таланттарын көрсетіп, өздерінің бастан кешкен оқиғаларымен бөлісе отырып, бүкіл ел бойынша мыңдаған басқа әйелдерге шабыт бере алады», - деді “Қазақстан Аруы» Ұлттық сұлулық байқауының директоры Айжан Рузаева.

Байқау жаңалықтары

Байқау серіктестері