25 маусым күні Ақордада
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннның төрт жас журналисін шығармашылық дамуына және медиа саласына қосқан үлесі үшін
президенттік грантпен марапаттады. Олардың бірі – Көкшетау қаласындағы телеарнаның
шеф-редакторы Зарина Бекқали. Бұл марапат Зарина үшін тек кәсіби жетістік емес,
сонымен қатар қоғам мен аудитория алдындағы үлкен сенім мен жауапкершілік
символы болды. Заринаның айтуынша, Ақордадағы рәсім ерекше әсерге толы
сәттердің бірі болды. «Менің атым аталған сәтте, қобалжу тыныш сенімге ауысты.
Бұл – сөзбен айтып жеткізу қиын, ерекше сәт болды», – дейді ол.
Зарина Президенттік грантты аймақтық журналистикадағы
еңбегі үшін иеленді. Ол мегаполистерден тыс өмір, әлеуметтік әділеттілік пен
өңір дамуы сынды маңызды тақырыптарды үнемі көтеріп келеді.
Зарина Бекқали 2022 жылы өткен «Қазақстан Аруы» ұлттық сұлулық байқауына Көкшетау қаласы атынан қатысты.
Бүгінде оның кәсіби жолы сұлулық байқауларына тән қалыптасқан түсінікті жоққа
шығарып отыр: Зарина – тек модель немесе медиа кейіпкер емес, шынайы ойы мен
азаматтық ұстанымы бар медиамаман. Байқауға қатысу – оның өміріндегі үлкен
қадам болды. «Бұл байқау мені өзгерткен жоқ, тек ішкі мүмкіндігімді сыртқа
шығарды. Мен сенімдірек бола бастадым. Өзгелердің пікірінен қорықпай, жарқын
болудан тартынбауды үйрендім», – дейді Зарина.
Заринаның тарихы – жай
ғана сұлулық туралы емес. Бұл – өз жолынан таймай, көпшілік алдында болуға,
жауапкершілік алуға және стереотиптермен күресуге дайын адамның жолы. Қоғамда
«сұлулық пен ақыл үйлеспейді» деген көзқарастар әлі де бар. Ал Зарина – бұл
пікірдің ескіргенін іспен дәлелдеген жан. Оның болашақ «Қазақстан Аруы» байқауына
қатысушыларға берер кеңесі: «Әрдайым
өзіңді таңдау, еркін болу. Неге
қатысып жатқаныңды, әлемге не айтқың келетінін нақты білу маңызды».
«Бүгінгі
қоғамда ақылды қыз – кез келген жерде болуы мүмкін: сахнада да, эфирде де,
ғылымда да. Әйел – көпқырлы тұлға».
Біз
Заринаны айрықша марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!