«Miss Qazaqstan – 2025» финалы метро бекетінде өтеді! Алматы жер асты кеңістігін сұлулық пен мәдениет сахнасына айналдырады

«Miss Qazaqstan – 2025» финалы метро бекетінде өтеді! Алматы жер асты кеңістігін сұлулық пен мәдениет сахнасына айналдырады

18 маусым күні Алматыда «Miss Qazaqstan – 2025» ұлттық сұлулық байқауының финалы өтетін орынды ресми жариялауға арналған баспасөз конференциясы өтті. Биыл байқау тарихында алғаш рет финал урбанистік кеңістікте – Мұхтар Әуезов атындағы метро станциясында өтеді.

Баспасөз конференциясына байқау директоры Айжан Рузаева, жоба PR-менеджері Құралай Құрман  және «Метрополитен» директорының орынбасары Арсен Джангильдин қатысты. Спикерлердің айтуынша, 2025 жылы «Miss Qazaqstan» бұрынғы қалыптан шығып, өзін-өзі таныту, таңдау еркіндігі мен мәдениетаралық диалог идеясын паш ететін батыл жобаға айналуда. Финал өз тарихында алғаш рет қаланың стратегиялық маңызды нысанында арт-перформанс форматында өтпек. Метро – бұл еркіндіктің, заманауилықтың және ерекше ойлаудың символы. Метро – бұл мәдениет, сән және қалалық өмір ырғағы тоғысатын орын. Дәл осы қозғалыс, жарық пен сәулет тоғысқан жерде мегаполис энергиясы туындайды.

                Баспасөз конференциясында PR-менеджер Құралай Құрман финалдың сахнада емес, метрополитен кеңістігінде өту себебін түсіндірді:

                «Біз Мұхтар Әуезов атындағы метро бекетін бекер таңдаған жоқпыз. Бұл – рухани тереңдігі бар ерекше орын. Мұхтар Әуезов – халқымыздың ұлы жазушысы, ол шығармашылығы арқылы бостандықты, сөз еркіндігін және ұлттық сананы насихаттаған тұлға. Бұл локация – байқауымыздың негізгі идеясы – «Freedom of Choice» ұранымен үндеседі», – деді ол.

                Ұйымдастырушылар финалдың өткізілуі қала тұрғындары мен метро жолаушыларына ешқандай қолайсыздық туғызбайтынын ерекше атап өтті. Дайындық жұмыстары мен финал метрополитеннің жұмыстан тыс уақытында өтеді.

                «Біз алматылықтарға және метрополитен қызметіне үлкен құрметпен қараймыз. Сол себепті дайындық жұмыстары, сахналық құрылымдарды орнату мен финалдық кеш тек түнгі уақытта, пойыз қозғалысы тоқтағаннан кейін өтеді», – деп мәлімдеді «Miss Qazaqstan – 2025» директоры Айжан Рузаева.

                Сондай-ақ, «Метрополитен» КМК директорының орынбасары Арсен Джагильдин қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды:

                «Локация барлық техникалық стандарттарға сай дайындалады. Қатысушылардың, техникалық қызметкерлердің және көрермендердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық шаралар ескеріледі», – деді ол.

                Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде іріктеу кезеңі жүріп жатыр. Байқау тарихында алғаш рет «Miss Qazaqstan» ұйымдастыру комитеті 15 қалада өңірлік кастингтер өткізіп жатыр. Бұл – әрбір қызға өзін-өзі көрсетуге және өзін танытуға үлкен мүмкіндік. Байқау – өз болмысын ашуға және жаңа буынның көшбасшысы болуға дайын аруларға ашық.

Байқау серіктестері