«Бұл нағыз өмір мектебі болды»: Сабина Ыдырысова «Әлем Аруы – 2025» байқауы туралы

«Бұл нағыз өмір мектебі болды»: Сабина Ыдырысова «Әлем Аруы – 2025» байқауы туралы

«Miss Qazaqstan – 2023» жеңімпазы Сабина Ыдырысова еліміздің атынан Үндістанда өткен «Әлем Аруы – 2025» байқауына қатысып келді. Бұл сапар оның өміріндегі маңызды әрі ұмытылмас тәжірибе болғанын айтады.

«Бұл нағыз эмоциялар жарылысы болды. Бастапқыда бәрі шын екеніне сену қиын болды. Қуаныш, мақтаныш, толқу – бәрі араласып кетті. Мұндай ауқымды байқауда елімді таныстыру – үлкен жауапкершілік әрі зор құрмет», – деп еске алады Сабина.

Үндістанға сапар Сабина үшін үлкен жаңалыққа айналды. Елдің мәдениеті, рухани тереңдігі және, әрине, тағамдары ерекше әсер қалдырды. Бірақ оны ең қатты таңғалдырғаны әртүрлі елден келген қатысушылардың бір-біріне деген қолдауы болды: «Бәсекелестік мүлде болған жоқ, тек достық пен жылылық».

Байқау барысында Сабина бірнеше кезеңнен өтті: қазылар алқасымен сұхбат, спорттық жарыстар, дефиле, шығармашылық нөмір, мультимедиа-челлендж және әлеуметтік жоба қорғау. Ол ең маңыздысы ішкі дайындық екенін айтады. «Осындай ішкі күй маған ешқашан қол үзбеуге көмектесті», – дейді ол.

Қазылар алқасымен кездесуде Сабина өз жолы, құндылықтары мен армандары туралы әңгімеледі. «Мен балет әртісі және модель ретіндегі жұмыс тәжірибеммен, әлеуметтік жобаларға қатысуыммен бөлістім. Сондай-ақ елімді таныстыру мен үшін нені білдіретіні туралы айттым».

«Beauty With a Purpose» кезеңінде Сабина ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналған бастамасын таныстырды. «Мен еріктілер ментор бола алатын платформа құру идеясын ұсындым. Олар балалармен тәжірибе бөлісіп, оқуға, тұлға ретінде қалыптасуға көмектеседі. Әр бала өзін жалғыз емес екенін сезінуі керек».

Сабина байқау барысында Қазақстан туралы – оның табиғаты, дәстүрі, қонақжайлығы және бай тарихы жайлы зор мақтанышпен айтты. Ұлттық киімі, видео-визиткасы мен шығармашылық нөмірі – бәрі қазақ рухымен өрілген. «Көптеген адамдар: “Енді Қазақстанға барғымыз келеді!” – деп, сезімдерімен бөлісті. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды», – дейді ол.

Сабинаның айтуынша, бұл байқау тек сахна емес, шынайы өмір мектебі болды: «Мен өз-өзіме сенімдірек болдым. Өз тарихыңмен бөлісуден қорықпау және өз болмысыңды жоғалтпау – өте маңызды екенін түсіндім».

Алдағы «Miss Qazaqstan» байқауына қатысқысы келетін қыздарға Сабина былай деп кеңес береді: «Армандаудан қорықпаңыздар. Егер бұл сізге жат дүние болып көрінсе де – әрекет етіңіздер. Ең бастысы – шынайы болу, өз-өзіңізбен жұмыс істеу және жүрегіңізді ашық ұстау. Егер өзіңізге сенсеңіз – бәрі де мүмкін».

Байқау серіктестері