«Miss Qazaqstan – 2025» ұлттық сұлулық байқауының аймақтық кастингтері жалғасуда. Кезекті іріктеу кезеңі
Түркістан қаласында өтіп, өңірдің әр бұрышынан келген қатысушыларды жинады.
Биыл байқауға қатысуға 40 қыз өтінім берген. Олардың арасынан 8
қатысушы финалға өтуге лайық деп танылып, Қазақстанның ең сұлу әрі әсерлі қызы атағы үшін күресті жалғастыратын болады.
Қатысушылар тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, өзіне деген
сенімділігімен, харизмасымен, шешендігімен, тіл білу деңгейімен және өзін-өзі
дамытуға деген ұмтылысымен де көзге түсті. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды:
дефиле, өзін-өзі таныстыру және сарапшылармен мини-сұхбат.
Қатысушылармен жеке танысып, кастинг барысын бақылау үшін
Түркістанға байқау директоры Айжан Рузаева мен кастинг-директор Дильназ
Махмудова арнайы келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы қатысушылардың
дайындығы жоғары деңгейде болған.
«Біз үшін сұлу ғана емес, сонымен қатар мақсатшыл, ойлы, даму
жолындағы аруды табу маңызды. Биылғы байқау «Freedom of Choice»
ұранымен өтуде – біз өзін еркін таныстыра алатын, болашағына сенімді, нағыз
дара тұлғаларды іздейміз», – деді Айжан Рузаева.
Аймақтық кастингтер еліміздің өзге қалаларында жалғасады. Алда –
финалдық шоу, ол алғаш рет Алматы метрополитенінің арт-кеңістігінде өтпек.