Шымкент
қаласында «Шымкент Аруы – 2025» аймақтық сұлулық байқауы өтті. Бас титул 19
жасар Нұрай Айнабекке берілді. Алдағы уақытта жеңімпаз ару Шымкент қаласының
намысын «Қазақстан Аруы – 2025» Ұлттық сұлулық байқауында қорғайды.
Байқауға іріктеу «Қазақстан Аруы»
ұйымдастыру комитетінің қатысуымен басталып, бас сахнада өткен «Шымкент Аруы –
2025» финалында 15 ару өнер көрсетті. Әр қатысушы сұлулықтан бөлек, өзінің бойындағы сенімділігі, зияткерлігі, сөз
шеберлігімен ерекшеленді. Қыздар төрт кезең бойынша бақ сынасты: олар алғашқы
шығудан кейін өздерін таныстырып, ұлттық киіммен дефиле көрсетті. Кешкі
көйлектер кезеңі ең үздік бестікті анықтаумен жалғасып, олардың кездейсоқ
сұрақтарға жауап беруі бағаланды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша
Шымкент қаласын ұлттық деңгейде лайықты түрде таныстыру мүмкіндігі Нұрай
Айнабекке берілді. «Шымкент Аруы – 2025» жеңімпазы – Мұхтар Әуезов атындағы
Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті. Қазіргі уақытта ол архитектура
мамандығы бойынша білім алуда. Бойында көріктілік пен сенімділік үйлескен ару
бос уақытын саяхаттау мен сурет салуға бөледі.
Балалық арманына
қол жеткізу жолындағы Нұрайға «Қазақстан Аруы – 2025» байқауында сәттілік
тілейміз!