Сұлулық
байқаулары туралы айтқанда, көз алдымызға бірден подиум, прожекторлар жарығы,
фотосессиялар мен Instagram-дағы мінсіз кадрлар келеді. Алайда шын мәнінде,
«Miss Qazaqstan» атағы тек сыртқы келбетке ғана емес – өмірлік оқиғаға,
мінезге, еңбекке және ішкі болмысқа негізделген. «Miss Qazaqstan 2024»
байқауының жеңімпазы Бағым Балтабаева – қазіргі арулар бейнесін өзгертетін
жандардың бірі.
– Бағым, жеңістен кейін
өміріңіз қалай өзгерді?
– Шынымды айтсам, өмірім едәуір өзгерді. Титулмен бірге
танымалдылық келді. Бірақ онымен қатар үлкен жауапкершілік те артты. Енді менің әр қадамым
біреуге шабыт беріп немесе керісінше, көңілін қалдыруы мүмкін екенін ұқтым. Бұл
мен үшін қайта ойлануға себеп болды.
– Көпшілік «Miss
Qazaqstan» тек подиум мен фотосессия деп ойлайды. Ал сіз күнделікті өмірде
немен айналысасыз?
– Мен – отбасымның сүйікті қызы,
бауырларыма қамқор әпке, әрі спортты, қозғалысты және табиғатты сүйетін жанмын.
Жаттығу залына барамын, ат спортымен айналысамын – бұл маған еркіндік сыйлайды.
Мен таулы, көркем жерде өстім. Табиғат – менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Нағыз
тынығу мен сергітуді тек қаладан тыс жерде сезінемін.
– Кәсіби
қызығушылықтарыңыз туралы айтып беріңізші.
– С.Аманжолов
атындағы Шығыс Қазақстан университетінің соңғы курс студентімін, бастауыш сынып
мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Практика барысында еліміздің
білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер қажет екенін түсіндім. Сол себепті өз
үлесімді қосуды мақсат етіп қойдым. Оқуыммен қатар халықаралық ғылыми мақалалар
жазамын, түрлі жобаларда жүлделі болдым, университет өміріне белсенді
араласамын. Өз үлгі-өнегем арқылы сұлулыққа қатысты стереотиптерді бұзғым
келеді.
– Қоғамдық бастамаларға
қатысуға үлгересіз бе?
– Иә. Мен
сенбіліктерге қатыстым, ағаш отырғыздым, ерекше балаларға арналған орталыққа
бардым. Бірақ мен үшін бір реттік акциялардан гөрі маңызды тақырыптарды көтеру
әлдеқайда маңызды: саналы ата-ана болу, инклюзивтілік, мұғалімдердің рөлі. Егер
менің үнім бар болса, оны естілмей жүргендердің атынан бөлсуге дайынмын.
– Сыртқы сұлулық, ішкі даму мен әлеуметтік жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
– Мен үшін
тепе-теңдік – мінсіз болу емес, өз-өзіңе шынайы болу. Мен әрдайым мықты, жинақы
болып көрінуге тырыспаймын. Кейде менің де қолымнан түк келмей, еңсем түсетін
сәттер болады. Ондай кезде өзімді тоқтатуға, сезінуге, тыныс алуға мүмкіндік
беремін.
– Алдағы жоспарларыңыз
қандай? Әлі ешкімге айтпаған арманыңыз арманыңыз бар ма?
– Болашақта өз оқу
орталығымды ашқым келеді. Бұл орталық тек балалар мен ата-аналарға көмектесіп
қана қоймай, нақты нәтиже беретін жаңа оқу әдістемелерін жасап, енгізумен де
айналысатын болады.
– Көпшілік біле
бермейтін жеке бір нәрсемен бөліссеңіз.
– 10 жасымнан бастап
ата-анама азық-түлік саудасында көмектестім – сабақты да, жұмысты да қатар алып
жүрдім. Сол жерде мен еңбекқорлықты, жауапкершілікті, адамдармен тіл табысуды
үйрендім. Қазір де кейбір адамдар мені ғаламтордан танып, «сол баяғы
кішкентай Бағым» деп жылы пікір қалдырып жатады.
Бағым үшін тәж – тек атақ
емес. Бұл – жауапкершілік пен мүмкіндік.
«Мен жай ғана сұлу болғым келмейді. Мен пайдалы болғым келеді», – дейді ол.