«Қазақстан Аруы» Ұлттық сұлулық байқауы және «Qamqor Charity» қоры балаларды қолдау
орталығының тәрбиеленушілері үшін ерекше күн ұйымдастырды.
Іс-шараның спикері жақын арада Қазақстанды халықаралық
сахнада таныстыратын Ғалам Аруы Қазақстан 2024 Дана Алмасова болды. Ол
қыздарға дефиле және фотопозалау бойынша шеберлік сабағын өткізіп, жеке
кеңестері мен тәжірибесін бөлісті, сондай-ақ, сенімді жүріс пен сәтті
фотосуреттердің құпияларын айтты.
«Мен үшін бұл кездесу ерекше әсерлі болды. Әрбір қыздың көзіне
қарап, олардың бойындағы сенім мен армандарын көрдім. Осындай шеберлік
сабақтары арқылы олар өздеріне сенімді болып, жаңа мүмкіндіктерге қадам басады
деп сенемін», – деді Дана Алмасова.
Сабақ барысында қатысушылар өздерін модель рөлінде сынап
көріп, камера алдында дұрыс тұруды үйренді. Шеберлік сабағының атмосферасы
жылы, достық және шабыттандыратын болды. Іс-шара соңында барлық қатысушылар
белсенділігі, креативтілігі мен дарыны үшін жеке номинациялармен марапатталған
естелік мақтау қағаздарын алды.