Томирис Кадырхан «Miss Grand International 2025» байқауына қатысу үшін Бангкокке аттанды

Томирис Кадырхан «Miss Grand International 2025» байқауына қатысу үшін Бангкокке аттанды

Қазақстанның атынан беделді халықаралық сұлулық байқауына қатысатын Томирис Кадырхан Бангкокке жол тартты. Жақын күндері бұл қалада әлемдік деңгейдегі ауқымды шоу басталмақ.

Әуежайда Томиристі «Қазақстан Аруы» командасы, ұлттық байқаудың финалистері мен қатысушылары, сондай-ақ отандасын қолдауға арнайы келген «Ғалам Аруы Қазақстан 2024» Дана Алмасова шығарып салды.

Ресми делегациядан бөлек, Томириске жылы лебізін білдірген қолдау тобы да болды: оның жақындары, достары мен көптен бері шығармашылығын бақылап жүрген оқырмандары оған сәттілік пен шабыт тіледі.

«Қазақстан Аруы» байқауының директоры Айжан Рузаева Томиристің халықаралық сахнаға шығуының маңыздылығын атап өтті: «Томиристің мақсаты – өзінің даралығын, зияткерлігін, ішкі күшін және жүрегінен шыққан харизмасын көрсету. Оның жаңа қуатпен жарқырап, байқаудың философиясын сақтай отырып, құндылықтар туралы ойларын анық жеткізе білуі маңызды. Томирис – жарқын, ақылды, мәнерлі және өзіне сенімді қыз. Оның жеңіске жетуге барлық мүмкіндігі бар», – деді ол.

«Miss Grand International 2025» байқауының финалы 18 қазанда өтеді. Оған әлемнің 70-тен астам елінің арулары қатысады. Ал біз Томирис аруға тек сәттілік тілейміз!

Байқау серіктестері