Ақтау ең сұлу аруын анықтады: «Ақтау Аруы 2025» атағын Іңкәр Ислам иеленді

Ақтау ең сұлу аруын анықтады: «Ақтау Аруы 2025» атағын Іңкәр Ислам иеленді

Ақтау қаласында «Ақтау Аруы 2025» аймақтық сұлулық байқауы өтті. Қаланың ең сұлу аруы атағы 18 жасар Іңкәр Исламға берілді.

Биыл аймақтық іріктеуге 100-ге жуық ару қатысып, бақ сынады. Олардың арасынан ең үздік 15 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алды. Дайындық екі айға созылды: қыздар фотосессия мен видеотүсірілімдерге қатысып, Каспий теңізін сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған «S.O.S. Save Our Sea» эко-көрсетілімінде өнер көрсетті.

Ақтық кезең бірнеше кезеңнен тұрды. Ерекше әрі жарқын форматта өткен байқауда үміткерлер өздерін таныстырып, сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық өнерін паш етті. Ал кешкі көйлектердің көркемділігін дефиле өнері толықтырды. «Ақтау Аруы» байқауының директоры Айжан Сисеналиева өз әсерімен бөлісті: «Финалға шыққан әрбір қатысушы өзінің сыртқы сұлулығын ғана емес, сенімділігін, даралығын және ішкі күш-қуатын да көрсете отырып, өздерін лайықты таныстырды. Қатысушылар арасында өте мейірімді және қолдаушы атмосфера болды».

Қазылар алқасының әділ шешімі бойынша, «Ақтау Аруы 2025» тәжіне ие болған – 18 жасар Іңкәр Ислам.  Жеңімпаз ару бала кезінен өнер мен шығармашылыққа жақын. Бойындағы қабілеттерінің арқасында ол қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған.

«Бұл жарыс мен үшін алға жасалған үлкен қадам болды, әрі қарай дамуға мотивация көзі болды», – дейді Іңкәр.

Енді ол ұлттық деңгейде өтетін «Қазақстан Аруы 2025» сұлулық байқауының жартылай финалына Ақтау қаласының намысын қорғауға аттанады.

Байқау серіктестері